Путин бұл сөзін дәлелдеген жоқ, тек ғана "осылай деп айтуға барлық негіз бар" деді. Оның сөзінше, билік және құқық қорғау органдарының өкілдеріне, журналистерге, қоғамдық белсенділерге қарсы теракт жасалып жатыр.
Ресей президенті Украинаның аннексияланған аймағында жағдай ауыр екенін айтып, құқық қорғау органдарына қауіпсіздікті барынша күшейтуді тапсырды.
Путин өткізген Қауіпсіздік кеңесінің жиынына аннексияланған төрт облыстың Мәскеу тағайындаған басшылары да қатысты.
Путин оккупацияланған аймақтарды интеграциялауға және соғыстан бұзылған қалаларды қалпына келтіруді тездетуге шақырды.
Киев Ресей басып алған аймақтарды қайтадан қайтарып алатынын мәлімдеді. Бұл үшін Украина ірі масштабты шабуылға дайындалып жатыр. Былтыр Украина Ресей аннексиялағанын жариялаған бірқатар аймақтарды – Херсон мен Донецк облыстарының бір бөлігін қайтадан өз бақылауына алған.