Ссылки доступа

Семей өмір сүру сапасы бойынша Қазақстандағы ең нашар қала ретінде аталды


Экономикалық зерттеулер институтының 2022 жыл бойынша құрастырған қалалар рейтингісінде Абай облысының әкімшілік орталығы Семей қаласы ең соңғы орында тұр.

Институт Қазақстандағы 25 қаланы үш фактор: экономика мен бизнес, адам ресурсы және инфрақұрылым бойынша бағалаған. Әрбір фактор 14 категория бойынша қарастырылған. Арасында өмір сүру жайлылығы, еңбек нарығы, халықтың денсаулығы мен материалдық жағдайы және өзге категориялар бар. Кейбір көрсеткіштер статистикалық мәліметке сүйеніп жасалса, кейбірі онлайн сауалнамаға негізделген.

Рейтингінің бірінші орнында Астана қаласы тұр. Ол 10 балдың 5,89-ын алған. Ең төменгі балл Семей қаласына( 3,89) берілген. Семейдің алдында Сәтбаев, Жезқазған, Тараз, Риддер қалалары тұр. Сауалнама нәтижесіне сүйенген рейтингіні құрастырушылардың айтуынша, Семейде коммуналдық қызмет сапасы төмен, жолдардың жағдайы нашар және қала тазалығы мәселесі шешілмеген.

"2021 жылмен салыстырғанда екі орынға төмен түсті. Қаланың жалпы ұпайы 0,27-ге азайды. Семейдің "Экономика және бизнес" көрсеткіштері салыстырмалы түрде жақсырақ. "Инфрақұрылым", "Адам ресурсы" бойынша қала 25 және 24-орындарда тұр" деп жазды рейтинг авторлары.

2021 жылмен салыстырғанда қалалар арасында Түркістан көрсеткіштерін едәуір жақсартқан: ол 24-орыннан 5 орынға көтерілген. Жаңаөзен қаласы 2021 жыл бойынша соңғы орында тұрған. Енді 16-орынды иеленген.

Рейтинг авторларының айтуынша, алғашқы үштікке енген (арасында Ақтау да бар) үш қаланың экономикалық көрсеткіштері жоғары болғандықтан, рейтингіде жоғары орындарды иеленген. Ал Түркістан мен Степногорскінің көрсеткіштері әлеуметтік сауалнама нәтижесінен кейін жақсарған.

Институт мамандарының айтуынша, зерттелген қалалардың 70 пайызында өмір сүру сапасы орташа деңгейден төмен.

2022 жылғы мәлімет бойынша, Семейде 350 967 адам тұрады. Бұл 1991 жылғы көрсеткішке ұқсас. Демографиялық құлдыраудың себебін мамандар қаланың облыс орталығы мәртебесінен айырылуынан және халықтың қаладан өзге аймақтарға кетуінен көреді.

1990-жылдары қалада ірі өндіріс орындары түгелдей жұмысын тоқтаған. Қаланың сырт келбетімен 30 жыл бойы ешкім айналыспады деуге де болады. Былтыр қала Абай облысының орталығы болып бекітілді.

2023 жылы қала бюджеті 56 млрд теңгеден 84 млрд теңгеге дейін ұлғайған.

XS
SM
MD
LG