Бұған дейін банк АҚШ шетел активтерін бақылау басқармасынан (OFAC) аталған ведомство конгреске банкті санкция тізімінен алып тастау туралы өтініш түсіргені жөнінде хабар алған.
АҚШ қаржы министрлігі былтыр қыркүйек айында Қазақстандағы аталған банктің иесі – "Бәйтерек" холдингісінен мекемені санкция тізімінен алып тастау туралы өтініш қабылдаған. АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, Bereke Bank сонымен бірге санкция салынған әрекетпен айналыспайтынын және қажет жағдайда АҚШ конгресіне тиісті ақпарат беретінін айтқан.
Былтыр Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс елдері Ресейдің бірқатар қаржы ұйымына да санкция салған. Санкция ресейлік "Сбердің" Қазақстандағы бұрынғы еншілес банкін де қамтыған. Былтыр 1 қыркүйекте Қазақстан үкіметінің институты "Бәйтерек" холдингі "Сбердің" еншілес компаниясын сатып алған.
Мұны сарапшылар санкциядағы банкті құтқару үшін жасалған саяси келісім деп бағалаған.
Маусым айында холдингінің санкцияға ілінген банкті сатып алатыны туралы хабар тараған кезде билік қазақстандық "Сбербанкте" жеке және заңды тұлғалардың құны шамамен 350 млрд теңге (сол кездегі валюта бағамымен шамамен 800 млн доллар) болатын депозиті жатқанын хабарлаған. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк иесі ауысқаннан кейін қазақстандық "Сберден" санкция алынуы мүмкін екенін айтқан.
Украинадағы соғыс басталғаннан кейін АҚШ қаржы министрлігі ресейлік ірі банктерге санкция салған. Шектеу қойылған қаржы ұйымдары арасында "Сбербанк", ВТБ, "Альфа-Банк" те бар. Олардың Қазақстанда бөлімшелері болған.
Былтыр мамырда қазақстандық "Банк ЦентрКредит" ресейлік "Альфа-Банктің" Қазақстандағы еншілес компаниясын сатып алған. Бұдан соң Қазақстандағы "Альфа-Банктің" атауы ресми түрде Eco Center Bank банк болып өзгерді.