Ссылки доступа

Тәжікстанда тағы бір журналист ұсталды


Хуршед Фозилов
Хуршед Фозилов

Тәжікстанның Пенжикент қаласында журналист Хуршед Фозилов ұсталды. Бұл туралы Озоди радиосы оның анасы Азиза Нуъмоноваға сілтеме жасап хабарлады. 

Ақпаратқа қарағанда, Фозиловты 6 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері ұстаған.

"Ұлымның не үшін ұсталғанын білмеймін. Қандай қылмыс жасағанын айтпайды. 7 наурызда оның мобилдік телефоны мен компьютерін алып кетті", - деді Нуъмонова.

Әзірге Фозиловқа қандай айып тағылғаны белгісіз. Билік өкілдері журналистің ұсталуы бойынша ешқандай пікір білдірмеді.

37 жастағы журналистің жақындары оған адвокат берілмегеніне алаңдайды. Ол соңғы кездері Зарафшан елді-мекенінің өзекті мәселелерін ашық көтеріп жүрген.

Былтыр Тәжікстанда жеті журналист және блогер ұсталып, 7 жылдан 21 жылға дейінгі мерзімдерге сотталған. Оларға "жалған ақпарат тарату", "Экстремистермен жұмыс істеу" секілді айыптар тағылған. Журналистердің бәрі өздеріне тағылған айыптарды теріске шығарған.

Халықаралық ұйымдар тәжік билігінен журналистерді босатуды талап етіп келеді.

XS
SM
MD
LG