Ссылки доступа

Тәжікстанда азаматтарға тегін көмек беретін заң орталығы жабылды


Тәжікстанда "Адам құқықтарын қорғау жөніндегі тәуелсіз орталық" жабылды. Қоғамдық ұйым заңгерлері азаматтарға тегін көмектесіп келген.

Душанбе тұрғыны Икром Сатторов "Адам құқықтарын қорғау жөніндегі тәуелсіз орталық" заңгерлерінің көмегін пайдала алмады. Орталықтағылар оған ұйым сот шешімімен жабылғанын, азаматтарға заң жағынан көмектесе алмайтынын айтқан.

"Орталықтың жабылғаны мені де қатты ойландырады. Бір құрылыс компаниясы біздің үйлерді сүріп тастайын деп жатыр. Біз ұжым болып арыз жаздық, осы ұйымның заңгерлеріне жүгіндік, пайдалы кеңес алғымыз келді", - дейді астана тұрғыны.

Заң орталығының қызметі тоқтағанын Тәжікстан әділет министрінің орынбасары Асадулло Хакимзода 16 ақпанда Душанбеде өткен баспасөз конференциясында хабарлаған. Оның айтуынша, ұйым 2023 жылғы 26 қаңтарда астананың Исмоили Сомони ауданы сотының шешімімен жабылған.

Хакимзода ұйым қызметін тоқтатуға "қаржы есебін уақытылы тапсырмауы" себеп болғанын айтты.

Адам құқықтарын қорғаушылар мен белсенділер де қоғамдық ұйымның жабылғанына алаңдап отыр.

"Азаматтар еркіндігі кеңсесінің" басшысы Дилрабо Самадова Тәжікстанға "Адам құқықтарын қорғау жөніндегі тәуелсіз орталық" секілді ұйымдар аса қажет деп есептейді. "Тәжікстанда аймақтың басқа да елдерімен салыстырғанда адвокаттар өте аз. Билік оны жабудың орнына адамдарға тегін көмек беретін осындай ұйымдарды қолдауы керек", - дейді адам құқықтарын қорғаушы.

"Адам құқықтарын қорғау жөніндегі тәуелсіз орталық" қоғамдық ұйымы 2010 жылы құрылған. Бес жылдан соң елдің әділет министрлігінде тіркелген. Кейінгі екі жылда орталық заңгерлері 400-ден аса азаматқа тегін көмектескен.

XS
SM
MD
LG