Ссылки доступа

Журналист Данияр Молдабеков белгісіз біреу подъезде бетінен ұрып кеткенін хабарлады


22 ақпанда таңертең журналист Данияр Молдабеков маска таққан белгісіз біреу подъезде бетінен ұрып кеткенін хабарлады.

"20 минут бұрын медициналық маска таққан біреу бетімнен ұрып, "тұмсығыңды сұқпа!" деді. Подъезде болған жағдай" деп жазды журналист.

Азаттық тілшісі оқиға орнына барған кезде жедел жәрдем қызметкерлері журналиске көмектесіп жатқанын көрді. Оқиға орнына полиция да келген.

Жедел жәрдем қызметкерлері Данияр Молдабековті ауруханаға әкетті. Ол жақта оған "бас сүйектің ішін тексеру керек, рентгенге түсіңіз" деп айтқан. Сәлден соң журналист Telegram-дағы арнасында бас сүйегі сынбағанын, тек "соғылғанын" жазды.

Журналистің айтуынша, оқиға 22 ақпан таңертеңгі сағат 10-ға таман өзі тұрып жатқан үйдің подъезінде болған. Сәрсенбі күні ол әдеттегідей таңғы серуеннен кейін подъезге кірген кезде маска таққан біреуді көрген.

"Бірінші баспалдақтың жартысына келгенде басыма соққы тигенін байқадым. Дыбыс шықты. "Эй, тұмсығыңды сұқпа!" ("эй, не вы...ся!") деді. Бір рет соққы тиді, бірақ кәдімгідей жақсылап тұрып ұрды. Ең қатты да, ең әлсіз де соққы демес едім" деді журналист ауруханадан шыққаннан кейін.

Ол оқиға "кәсіби қызметіме байланысты" деп нақты тұжырымдай алмайтынын, бірақ кейінгі кезде көп өткір мақалалар жазып, зерттеулер жүргізіп жүргенін айтты.

"Ол менен ештеңе тартып алғысы келмегені анық... Білмеймін, не нәрсеге байланысты екенін. Көптеген өткір мақала, зерттеу, репортаж жаздым. Журналистикада жүргеніме аз болған жоқ. Оқиғаның кәсіби қызметіме қатысы болуы әбден ықтимал" деді ол.

Полиция қызметкерлері оған арыз жаз деп кеңес берген.

Азаттық тілшісі әзірше Алмалы аудандық полиция басқармасы өкілдерінен жауап ала алмады.

  • Кейінгі кезде Қазақстанда журналистер мен редакцияларға шабуыл жиіледі. Екі күні бұрын Алматыда Борейкомен бірге жұмыс істейтін бейнеоператор Роман Егоровтың екі автокөлігін өртеп кетті. Егоров бұл заңсыз әрекеттің кәсіби қызметіме қатысы бар деген. Оның алдында бірнеше журналист мүлкі бүлінгенін, сайтқа жеке деректері жарияланғанын хабарлаған.
  • 21 ақпанда полиция Алматы мен Астанада "журналистерге қарсы заңсыз әрекет жасады" деген күдікпен 18 адамды ұстағанын мәлімдеген. "Қоқан-лоқы", "жеке өмір туралы мәліметті тарату", "журналистің кәсіби қызметіне кедергі келтіру", "бұзақылық", "біреудің мүлкін қасақана бүлдіру" баптары бойынша 20 қылмыстық іс тергеліп жатқаны айтылды.
  • Бұған дейін Қазақстан журналистеріне жасалған бірнеше шабуылдан соң Журналистерді қорғау комитеті (Committee to Protect Journalists) Қазақстан билігінен кінәлілерді тауып, жауапқа тартуды талап еткен.
  • Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз еркіндігі шектелген мемлекеттер санатына жатқызады. Республика "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркінді индексінде 180 ел ішінде 122-орында тұр.
XS
SM
MD
LG