Ссылки доступа

Садыр Жапаров Қырғызстанның бұрынғы президенттерімен Дубайда неге кездескенін айтты


Солдан оңға қарай: Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев, Кұрманбек Бакиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков және қазіргі президенті Садыр Жапаров
Солдан оңға қарай: Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев, Кұрманбек Бакиев, Роза Отунбаева, Алмазбек Атамбаев, Сооронбай Жээнбеков және қазіргі президенті Садыр Жапаров

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров мемлекеттік "Кабар" ақпарат агенттігіне берген сұқбатында Қырғызстанның бұрынғы президенттерімен Дубайда кездескені туралы айтты.

Оның сөзінше, Дубайда кездесу ұйымдастырардан бұрын Бішкекте Алмазбек Атамбаев пен Сооронбай Жээнбеков сөйлескен. Жапаров олар "бір-бірін кешіріп, татуласты" дейді.

"Одан кейін Дубайда кездесу ұйымдастырылды. Әрқайсымен жеке сөйлесіп, Дубайға шақырдым. Бірақ оларға өзге де бұрынғы президенттер келетінін айтқан жоқпыз. Ол рас. Өйтпесек, кейбірі келмей қалуы мүмкін еді. Кездесу кезінде олардың ешбіріне қаржы немесе саяси тұрғыдан қарыздар емес екенімді, президент болғаныма ешбірінің қатысы жоқ екенін айттым. Кездесудің басты мақсаты - келісімге келу. Лидерлер келісімге келмесе, оларды қолдаушылармен келісімге келу қиын. Сол себепті олар өз жақтастарын татулыққа, бірлікке шақырғаны жөн,- деді Жапаров.

Оның сөзінше, бұрынғы президенттер бұл бастаманы қолдаған. Кездесу төрт сағатқа созылған.

Қырғызстан президенті сырттай сотталған, Қырғызстанға келсе қамауға алынуға тиіс Құрманбек Бакиев туралы сұраққа да жауап берген.

Жапаровтың сөзінше, кездесу кезінде ол қырғыз бас прокуратурасы 13 жыл ішінде Беларусьқа Бакиевті экстрадициялау туралы 4 рет сұрау салғанымен нәтиже шықпағанын айтқан.

"Конституцияның 66-бабы бойынша президент халық пен мемлекеттік биліктің бірлігін қамтамасыз етуі қажет. Міндетімді атқардым. Жауапқа тарту мәселесіне келетін болсақ, әрбір адам өз кінәсі үшін құдайдың алдында, тарих пен заң алдында жауап береді. Көп адам кездесудің мақсаты - Бакиевті елге қайтару деп ойлап отыр. Қайтарғымыз келсе Дубайға емес, Бішкекке шақырар едік. Бакиевтен өзгелердің бәрі Бішкекке келе алады. Иә, Бакиев жөнінде сот шешімі бар. Егер Бішкекке келсе, қамауға алынар еді. Біз заңға бағынуымыз керек", - деді Жапаров.

Ол сұқбатының қорытынды бөлімінде мұндай кезсеулер жалғасатынын және барлық саясаткерлерді бітістіруге дайын екенін айтқан.

18 ақпанда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook парақшасында бұрынғы президенттермен кездескенін, олар бір-бірін кешіргенін хабарлаған.

Кейінірек Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев бұл кездесу жайлы пікірін айтып, "елде бейбітшілік пен татулық орнату мен Бакиевтерді Қырғызстанға оралту - екеуі екі бөлек нәрсе" деген еді. Ал Асқар Ақаев сұқбатында Садыр Жапаровтың бастамасын қолдайтынын айтқан.

Бұрынғы президенттердің бұлайша бас қосуы Орталық Азиядағы бұрынғы совет республикаларында алғаш болып отыр. Қырғызстан президенттерінің көпшілігі жаппай қарсылық акцияларынан кейін қызметінен кетіп, үстерінен қылмыстық іс қозғалған.

Асқар Ақаев 1991–2005 жылдары, Құрманбек Бакиев 2005–2010 жылдары, Роза Отунбаева 2010–2011 жылдары, Алмазбек Атамбаев 2011–2017 жылдары, Сооронбай Жээнбеков 2017–2020 жылдары Қырғызстан президенті болған.

XS
SM
MD
LG