Ссылки доступа

Қазақстандық миллиардер Кеңес Рақышевтың Мәскеу маңындағы үйі сатуға қойылғаны хабарланды


Қазақстандық миллиардер Кеңес Рақышев Мәскеу маңындағы аумағы 841 шаршы метр үйін сатуға қойды. Бұл туралы Telegram-дағы "Выход к морю" арнасы жазды.

Ресейлік жылжымайтын мүлік агенттігі шығарған хабарлама қазір ашылмай тұр. Алайда агенттік өкілі Азаттыққа бұл үй әлі сатылымда екенін айтты.

­"Хабарлама сайттан мүлік иесінің өтінішімен алып тасталды. Бірақ үй сатылады деген шешім өзгерген жоқ" деді өзін Михаил Бурыкин деп таныстырған NF Group жылжымайтын мүлік агенттігінің қызметкері. Оның айтуынша, үйдің құнына ішіндегі жиһаз бен техника бағасы да кіреді.

69 сотық жерде орналасқан екіқабатты коттедждің бастапқы бағасы 850 миллион рубль болған, қазір 670 миллион рубльге (шамамен 4 млрд теңге) түскен.

Үй Мәскеудегі ең қымбат ауданда – Рублево-Успенское күрежолында орналасқан. Жылжымайтын мүлік агенттігінің хабарламасы бойынша, онда үш жатын бөлме, бірнеше зал, аумағы 234 шаршы метр монша, үш автокөлік сыятын гараж бен қызметкерге арналған бір бөлмелі үй бар.

Агенттік өкілі үй иесі қазір Ресейде тұрмайтынын, сол үшін сатқысы келетінін айтты.

Дәл осы үйдің қазақстандық миллиардер Кеңес Рақышевқа тиесілі екенін үш жыл бұрын ресейлік "Проект" басылымы жазған. Басылым Рублево-Успенское күрежолы Мәскеудегі ең қымбат жер екенін жазып, онда орналасқан жылжымайтын мүліктің көбіне Ресей билігіне қатысы бар байлар мен шенеуніктер иелік ететінін зерттеген. Олар әзірлеген картаға қарасақ, Рақышевпен бір көшеде орыс-өзбек олигархы Әлішер Османовтың туған әпкесі Гүлбахор Исмаилова тұрады. Ол да үйін сатылымға шығарған.

Азаттық былтыр Рақышев пен оның әйелі Әсел Тасмағамбетованың Алматыдағы сарайын анықтаған. Зәулім үй бұрын Қазақстан компартиясының демалыс үйі болып, кейін жекешелендірілген Алмалы қалашығында орналасқан. Сарайдың қасында Нұрсұлтан Назарбаевтың "Елбасы қорына" қарайтын резиденция, тікұшақ қонатын алаң бар. Бұл аумақта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да үйі болған.

43 жастағы Кеңес Рақышев Қазақстандағы ең бай адамдардың ондығына кіреді. Ол Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетовтің күйеу баласы. Қазақстандық Forbes басылымының есебінше, былтыр Рақышевтің байлағы 960 миллион доллар болған. Оның инвестициялық және сақтандыру компанияларында үлесі бар.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен құрылған "Қазақстан халқына" қорына Кеңес Рақышев пен әйелі Әсел Тасмағамбетова басқаратын "Сәби" қоры 1 млрд теңге аударды.

2021 жылы Ұлыбритания парламенті Жемқорлыққа қарсы ғаламдық санкция заңын қабылдаған. Ұлыбритания парламентінің мүшесі Маргарет Ходж осы заңды "халқын тонап, қалтасын қалыңдатқан қазақ олигархтарына қарсы" қолдануды сұрап, 28 адамның атын атаған еді. Тізімде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелері және Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа жақындығы бар кәсіпкер Кеңес Рақышевтың де аты аталады.

XS
SM
MD
LG