"Қазіргі уақытта бес елді мекенде, атап айтқанда, Бәйдібек ауданындағы Шаян мен Шақпақ; Сауран ауданындағы Шаға; Созақ ауданындағы Шолаққорған ауылдарында және Арыс қаласында су бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр" деп жазылған төтенше жағдайлар министрлігінің жұмада таңертең таратқан хабарламасында.
Министрліктің хабарлауынша, үйлерді су баспауы үшін жолдарға құм салынған қаптар төселіп жатыр. Оған төтенше жағдайлар, қорғаныс министрліктерінің күші және жергілікті атқару органдарынан 430-дан астам адам, 70-ке жуық техника, 43 мотопомпа жұмылдырылған.
Билік өкілдері бір күн бұрын үйлерге су кірмегенін айтқан, алайда Азаттыққа сұхбат берген еріктілер су кірген бірнеше үйді көргенін айтты. Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларға қарап та, "үйлерге су кірмеді" дегенге сену қиын. Қазір нақты қанша үйді су басқаны белгісіз. Ресми орындар бір үйге су кіргенін растаған.
Министрліктің хабарлауынша, 2 ақпаннан бері 200-ден астам адам қауіпсіз жерге көшірілген.
"Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен Кентау қаласындағы Қарнақ ауылының және Сауран, Бәйдібек аудандарының су басқан аулаларының аумағынан 204 адам, оның ішінде 111 бала эвакуацияланды, 201 ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды. Халықты эвакуациялау мен уақытша орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар Сауран ауданында төрт эвакуация пунктін дайындады" деп жазылған министрліктің хабарламасында.
Министрлік 3 ақпанда Арыс қаласы арқылы өтетін Қабылсай каналы да толып бара жатқанын, су тасқыны қаупі төнгенін хабарлады. Мамандардың түсіндіруінше, су тасқынына қар жылдам еріп әрі кейінгі бірнеше күнде толассыз жауын жауғаны себеп болған.