— Марқұмдардың жақындарынан өтініш түседі. Қоғамдық ұйымдармен, омбудсменмен бірігіп, өтінішті құзырлы органдарға жіберіп, жауап күтеміз. Қазірге дейін 19 адамның тізімін алдық. Олардың жақындарымен хабарласып, көмек көрсеттік. Мамыр бойы құзырлы органдардан ешқандай ақпарат алмадық. Меніңше, тергеу жұмыстары аяқталғанына қарай тізімдерді аламыз деп ойлаймын. Егер қандай да марқұмға қатысты тергеу аяқталса, ал біз ол жайлы органдардан ешқандай ақпарат алмасақ, ол адамды кездейсоқ қаза болған деп туыстарына көмек көрсетеміз, - деді қордың басшысы Болат Жәмішев 1 маусымдағы брифингте.
Жәмішев қаза тапқандардың ресми тізіміне енгендердің жақындары да қордан көмек сұрағанын айтады.
Сәуірде қор қаза тапқан 21 адамның отбасына өтемақы төленетінін мәлімдеген еді. Ал ақпанның соңында "Қазақстан халқына" қоры адам құқығы жөніндегі омбудсмен Эльвира Әзімованың дерегіне сүйеніп, 29 адам Қаңтар оқиғасында кездейсоқ қаза болған деп танылғанын жеткізген.
Ресми дерек бойынша, 238 адамның өмірін қиған Қаңтар қырғынынан соң президент Тоқаев қайғылы оқиғаға бай мен кедей арасындағы "үлкен алшақтық" себеп болды деген еді.
Тоқаев құрған қор қаза болған күштік құрылым қызметкерлерінің отбасыларына және ауыр жараланған күштік құрылым өкілдеріне, кездейсоқ қаза тапқандардың жақындарына өтемақы берілетінін жариялаған.
Осыған дейінгі брифингтердің бірінде қор өкілдері кездейсоқ ауыр жараланғандардың отбасына да "көмек қолын созатындарын" айтқан еді.
1 маусымдағы брифингте "Қазақстан халқына" қорының төрағасы Жәмішев бұрын "ондай мәлімдеме жасаған жоқпыз" деді. Ол қаза тапқан орган өкілдерінің отбасылары мен ауыр жараланған әскерилерге өтемақы төленгенін айтады. Жәмішев "күштік органдар ауыр жараланғандардың тізіміне енді ешкім қосылмайтынын айтты" дейді