Кездесу барысында екі тараптың милиция қызметкерлері осыған дейінгі оқиғаларды бірлесіп зерттеуге, заңсыздық әрекеттердің алдын алуға келісті.
“Шекарада жақын күндері болып жатқан оқиғаларды талқылап, жолда кетіп бара жатқан көліктерге тас лақтырғандарды бірлесіп іздейтін болдық. Әсіресе, Жаңа жыл алдында қандай да бір тәртіпсіздік болмасын деп, алдын алу мәселесін сөз еттік. Ол үшін екі елдің аудандық милиция қызметкерлері бірлесіп күзет ететін болады" - деді Жоробаев.
25 желтоқсанда Лейлек ауданы Сай аймағының тұсында Тәжікстанның шекарашылары өз бекеті аймағына миномет орналастырғаны хабарланған. Сол күні Ош-Баткен-Исфана тас жолының Көк-Таш ауылы маңында Тәжікстанның 3-4 азаматы қырғызстандық көліктерге тас атқаны айтылды. Оқиға болған жерге барған "Көк-Таш" шекара бекетінің басшысы ескерту ретінде үш рет аспанға оқ атқан. Осыдан кейін тәжік азаматтары қашып кеткен.
Қырғызстан мен Тәжікстанның шекара қашықтығы 970 шақырым болса, оның 519 шақырымы ғана реттелген. Шекараның бекітілмеген жерінде жер, су үшін жиі жанжал болып тұрады.