Ссылки доступа

Астанада "Абу-Даби плаза" кешенінің ондаған жұмысшысы наразылық білдірді


13 қазанда Нұр-Сұлтанда "Абу Даби плаза" кешенінің ішкі құрылысына жауапты WMG компаниясының ондаған жұмысшысы наразылық білдірді.

Олар жұмыс берушінің жалақыны кешіктіріп жатқанына шағымданды. Одан бөлек, зейнетақы жарнасының да уақытында түспей отырғанын айтты.

"Айлық кешігіп жатыр. Зейнетақы жарнасының түспегеніне алты ай болды. Осы мәселелерді көтеріп жиналып отырмыз. Айлықтан 22 пайыз ұсталып жатыр. Бірақ олардың ешқайсысы түспеген. Ауруханаға барсақ, қабылдамайды" деді Жанарбек Марат есімді жұмысшы.

Наразылардың сөзіне қарағанда, әдетте оларға жалақы әр айдың онында түсуі тиіс. Бірақ өткен айда 10-15 күнге кешігіп берілген. "Бұл жағдай осы айда да қайталанайын деп отыр" дейді олар.

"Соның салдарынан несие өтей алмай отырмыз. Бәріміздің несиеміз бар. Бала-шағамыз бар. Пәтерақы төлеу керек. Алыстан келіп істеп жатырмыз. Қыс болса, тақалып тұр. Қайда барасың?" дейді жұмысшылардың бірі.

Жұмысшылар айлық мәселесі бүгін бірінші көтеріліп тұрмағанын, бұған дейін де осындай мәселе туындағанын айтады. Наразылық кезінде кей жұмысшылар "Ең жоғарғы қабатта труба кесеміз, арнайы киім берілмейді, суық өтіп жатыр" деп шағымданды.

Сәлден соң оқиға орнына WMG өкілі келіп, айлықтың жұмаға дейін түсетінін айтты. Ал зейнетақы жарнасы жөнінде сұраған кезде "бәрі түсіп жатыр, жекелеген мәселе болуы мүмкін" деді.

Оқиға орнына қалалық еңбек инспекторы Мақсат Дүйсенов те келді. Ол жұмысшыларға мәселелерін хатқа түсіріп, өткізу қажеттігін айтты.

"Жаңа кеңсеге кіріп, білдім. Сіздерге қыркүйек айының жалақысын кешіктіріп жатыр. Ол әрине заңсыз. Сол себепті осы мәселені шешу үшін, бұл компанияға қандай да бір шара қолдану үшін сіздерден өтініш керек. Қазір бір бет қағаз алып, арыз-өтініштеріңізді жазуларыңыз керек. Мәселерді санамалап көрсетіңіздер. Аты-жөндеріңізді жазып, қолды қойып өткізіңіздер. Көрсетілген фамилиялар бойынша шара қабылдаймыз. Қазір мұнда құр босқа тұрмаңыздар, жұмысқа оралыңыздар" деді.

Наразылардың айтуынша, компанияда шамамен 200-ге тарта жұмысшы бар. Бірақ олардың көбі "қорыққандықтан, жұмыстан шығып қаламын ба деп сескенгендіктен" шараға келмеген. Компания өкілдерінің "жалақы жұмаға дейін беріледі" деген уәдесін естіген кей наразылар тарап жатты.

2009 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев қатысуымен құрылысы басталған, Орталық Азиядағы "ең биік ғимарат болады" делінген кешен алғаш рет дауға ілігіп отырған жоқ. Биыл маусымда "Қазақстан құрылыс техно" және "Қазинжиниринг" компанияларының жұмысшылары жалақының кешіктірілуіне наразылық білдірген. Былтыр кешенді салып жатқан құрылысшылар жалақы өсіруді және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, наразылыққа шыққан.

2017 жылы қыркүйекте "Абу-Даби Плазада" жергілікті және шетелдік жұмысшылар төбелескен. Қазақстан билігі төбелесті "тұрмыстық жанжал" деп, екі адамның жарақаттанғанын хабарлаған.​

XS
SM
MD
LG