Ссылки доступа

Өзбекстанның Әл-ауқат қорынан президент туысына миллиондаған қаржы аударылған - зерттеу


Ойбек Умаров анасы Гюзял Умаровамен бірге
Ойбек Умаров анасы Гюзял Умаровамен бірге

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияевтің туысымен байланысы бар корпорация елдің мемлекеттік Әл-ауқат қорынан он миллиондаған доллар алған. Бұл мәліметті Азаттықтың өзбек қызметінің (Озодлик) зерттеуі анықтаған.

Ақпаратқа қарағанда, Мирзияевтің күйеу баласының інісі Ойбек Умаровқа тиесілі Orient Group корпорациясы ірі көлемдегі қаржыны негізгі инвесторы деп есептелетін Өзбек-оман инвестициялық компаниясы (UOIC) арқылы алған.

UOIC жарғылық капиталының 75% Оманның инвестициялық компаниясы басқарады. Қалған 25% Өзбекстанның Қайта құрылымдау және даму қорына қарайды.

Қордың ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, былтыр оның капиталы 25 млрд доллар болған. Озодлик радиосы Ольстер университетінің қызметкері Кристиан Ласслеттпен бірге әзірленген зерттеуде соңғы жылдары мемлекеттік қаржының ірі көлемі Orient Group корпорациясына беріліп келгені көрсетіледі.

Ласслетт UOIC қорының 2016 жылдан 2020 жылға дейінгі Өзбекстандағы инвестициялық портфелін әзірлеп шыққан. Оған сәйкес, бұл аралықта UOIC Өзбекстанға салған жалпы инвестицияның 86% яғни 161 миллион доллары Orient Group корпорациясына тиесілі компанияларға берілген.

Orient Group Өзбекстанда банк қызметі, құрылыс, сауда, жылжымайтын мүлік және футбол клубы сияқты кемінде 58 компанияға иелік етеді.

Озодлик радиосы бұл зерттеу бойынша UOIC және Orient Group компанияларымен байланысуға әрекет жасады, бірақ жауап ала алмады.

Зерттеуге қарағанда, Мирзияевтің өзі Әл-ауқат қорының қаржысы Orient Group корпорациясына берілгенін біледі. Себебі заңға сәйкес барлық транзакциялар тек президенттің келісімімен ғана жүзеге асады.

XS
SM
MD
LG