Ссылки доступа

Ауғанстанда тәліптер үкіметінде жанжал туындады


Абдул Ғани Барадар
Абдул Ғани Барадар

Ауғанстан билігін басып алған "Талибан" қозғалысында жанжал туындаған. Тәліптер үкіметі жетекшісінің орынбасары, қозғалысты құрушылардың бірі Абдул Ғани Барадар жоғалып кетті. Бұл жөнінде BBC тәліптер арасындағы жоғары лауазымды шенеуніктерге сілтеме жасап хабарлайды.

Дереккөздің айтуынша, Барадар босқындар ісіне жауап беретін Халил Рахман Хакканимен келіспей қалған. Екеуінің арасындағы келіспеушілік дауға ұласқан. Барадар жаңадан жасақталған үкіметтің құрылымына көңілі толмаған.

Негізгі даудың басы "Талибанға" жеңісті әперген кім деген сұрақ төңірегінде болған. Барадар АҚШ әскерін шығару жөніндегі Доха келісімі жеңіс әкелді деген. Ол дипломатия жеңді деген. Ал "Хаккани желісі" тобының жетекшісі Хаккани тәліптерге жеңіс әперген қарулы әскер деп атаған.

Жанжалдан кейін Барадар Кабулдан кетіп, Қандағарға барған.

Осының алдында бірқатар басылымдарда Барадар жанжалдан кейін ауыр жарақат алып, қайтыс болды деген ақпарат жарияланған. Бірақ 13 қыркүйекте "Талибан" аудиожазба таратты. Онда Барадардың дауысы делінген адам өзінің өлгенін теріске шығарады.

Алайда әлі ресми ақпарат жоқ. Дегенмен көптеген ауғандықтар тәліптерге сенбейді. Мәселен 2015 жылы тәліптер лидері молда Омардың өлімін екі жыл бойы жасырып келді. Екі жыл бойы оның атынан ресми мәлімдемелер таратылып тұрған.

XS
SM
MD
LG