Ресми ақпаратқа қарағанда, күдіктілер "Хизб-ут-тахрир" діни экстремистік ұйымының "әйелдер қанатының қылмыстық әрекетін тоқтату мақсатында жүргізілген жедел шаралары" барысында ұсталған.
ІІМ мәліметінше, ұсталғандар интернет пен түрлі мессенжер арқылы іздеуде жүрген "Хизб-ут-тахрир" мүшелерімен байланыс орнатқан. Солардың нұсқаулығымен халық арасында аталған ұйымды насихаттап, мүше болуға шақырған.
"Аталған әйелдер тұратын орында және олардың мобильді құрылғыларынан экстремистік мазмұндағы материалдар анықталды... Қазір олардың әрекетіне құқықтық баға беріп, жауапқа тарту үшін тергеу амалдары жүргізіліп жатыр" делінген министрлік хабарламасында.
Өзбекстанда кейінгі кезде экстремизммен байланысты күдікке ілінген адамдардың ұсталғаны жайлы ақпарат жиілеген. Маусым айында Сырдария облысы Мирзаабад және Янгиер ауданында "экстремистік материал таратты" деп күдікке ілінген 20 адам ұсталған. Оның алдында Самарқандта "Сириядағы террористік топқа қосылуды жоспарлаған" 14 адам анықталғаны хабарланды.