Бұның алдында Тәңірберген әкімдік күзетшісінің ғимараттан оны күштеп шығарғаны туралы видео жариялаған. Күзетші журналист қызды ғимараттан көтеріп шығарып, есікті тарс жапқан. Ақбөпе осы оқиғадан соң денесінде көгерген іздер қалғанын айтқан.
"Әкімдік күзетшілері осылай жұмыс істейді", – деген күзетші әрекетіне ашуланған тілші.
Журналистер құқықтарын қорғайтын "Әділ сөз" ұйымының хабарлауынша, тілші Тәңірбергеннің айқайлағанына қарамастан, оған әкімдік қызметкерлерінің ешқайсысы араша түспеген.
Аудан әкімі Азамат Қалдыбеков күзетшінің әкімдік қызметкері еместігін, жекеменшік компанияда істейтінін айтқан. Әкім журналисті ғимаратқа кіргізбеу туралы тапсырма берген жоқпын дейді. Тәңірберген мен оның операторы ғимаратқа коронавирусқа қатысты мәртебесін тексертпей кіруге талпынған.
"Журналист ескертуге құлақ аспастан, турникеттің астынан өткен. Күзетші шара қолданған. Мен оның әрекетін ақтағым келмейді. Күзетші тексеру жүріп жатқан уақытта жұмыстан шеттетілді", – деді Қалдыбеков.
"Хабар 24" телеарнасының директоры Алена Горбачева полицияға телеарна атынан шағым түсіретінін мәлімдеді. Ақпарат министрі Аида Балаева күзетшінің заңға қайшы әрекеті БАҚ өкілдерінің құқықтарын шектейді деген. Содан кейін әкімдікте тексеру басталған.