Ссылки доступа

Өзбекстанда студенттерді жаңадан құрылған партияларға кірмеуге шақырып жатыр


"Ҳақиқат ва Тараққиёт" («Ақиқат және Даму»), Термез мемлекеттік университетінің бұрынғы ректоры Хидирназар Аллакулов.
"Ҳақиқат ва Тараққиёт" («Ақиқат және Даму»), Термез мемлекеттік университетінің бұрынғы ректоры Хидирназар Аллакулов.

Өзбекстанда құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоғары оқу орындарында студенттермен кездесу өткізіп, оларды жаңадан құрылып жатқан партияларға мүше болмауға шақырып жатыр.

Бұл туралы Озодлик радиосы Термез мемлекеттік университетінің аты-жөнін құпия ұстауды сұраған студенттердің сөздеріне сілтеме жасап хабарлады.

– "Ақиқат және даму" партиясының лидері Хидирназар Аллакулов біздің университеттің ректоры болған. Сондықтан оқытушылар мен студенттердің арасында оның беделі жоғары. Қазір бізге құқық қорғау органдарының өкілдері келіп, оның партиясы "біз үшін жат элемент" екенін айтып, оған кірмеуге үгіттеп жатыр, - дейді аталған университеттің студенттерінің бірі.

Термез мемлекеттік университетінің жастармен жұмыс істеген қызметкері құқық қорғау қызметкерлері Жастар фестивалі аясында студенттермен кездескенін растап, бірақ ондай саяси партияларға мүше болмауға шақырғаны айтылмады дейді.

– Кездесу кезінде студенттерді түрлі діни ағымдарға қосылмауға шақырды. Саяси партиялар жөнінде сөз болмады, - деді ол.

Ол ортада Хорезм және Бұхара облыстарындағы жоғары оқу орындарында да құқық қорғау қызметкерлері студенттермен кездесу өткізіп, жаңадан құрылып жатқан партияларға мүше болып кірмеуге үндеп жатқаны хабарланды.

Осыған дейін Өзбекстанда жаңадан құрылған "Ақиқат және даму" партиясының қатарына қосылған студенттерді көпшілік көзінше ұятқа қалдырғаны хабарланған.

Аймақтағы дереккөздердің хабарлауынша, жергілікті билік пен құқық қорғау органдарының өкілдері аталған партияға мүше болып жатқандарды бақылауға алып, оларды партия қатарынан шығуға мәжбүрлеп жатыр.

Осыған дейін Өзбекстандағы алғашқы оппозициялық партия саналатын "Эрк" партиясы президенттікке бұрынғы әнші Жахонгир Атажановтың кандидатурасын ұсынғанын мәлімдеген. Көп өтпей 26 мамырда белгісіз адамдар партияның құрылтайы өтіп жатқан Атажановтың үйіне барып, шу шығарған.

Атажановтың прокуратураға арыз жазғанына қарамастан, оның үйіне баса көктеп кіріп, жанжал шығарғандар әлі табылмады. Керісінше партия құрылтайына қатысқан адамдар тергеуге шақырыла бастады. Атажановтың өзі де Ташкент қалалық ішкі істер басқармасында төрт сағат сұрақ беріп шыққан.

Сайлау туралы заңға сәйкес, Өзбекстанда президенттікке саяси партиялар ғана үміткер ұсына алады.

Өзбекстанда президент сайлауы биыл қазан айында өтеді.

XS
SM
MD
LG