Си Цзиньпин партияластарын Қытайдың "сенім ұялататын, жағымды және құрметке ие" образын қалыптастыруға шақырған.
ВВС сайтына пікір білдірген сарапшылар "бұл Қытайдың дипломатиялық саясатының өзгертуге деген ниеті болуы мүмкін" дейді.
Си Цзиньпин бұл мәлімдемесін Батыс елдері мен Қытайдың арасы суып кеткен тұста жасады. Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Қытай Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамап жатыр және Гонконгте демократияны қолдайтындарға қысым жасады деп айыптайды.
Қытай басшысы 31 мамырда партияластарының алдында "Достар тауып, бірігуіміз керек және халықаралық пікір алмасу кезінде достарымыздың қатарын үнемі арттырып отырған жөн" деген.
Бұған қоса, Си Цзиньпин Қытай әлем елдерімен қарым-қатынаста "ашық, сенімді әрі байсалды болуы керек" деді.
Си Цзиньпин 2012 жылы Қытай басшысы болып бекітіліп, содан бері елді басқарып отыр. Сарапшылар оның билігін авторитаризмге жатқызады.