Ссылки доступа

Өзбекстан мен Ресей "Спутник V" вакцинасын бірлесіп өндіруге келісті


Ташкент пен Мәскеу "Спутник V" вакцинасын Өзбекстанда өндіру туралы келісімге келді.

Ташкентке іссапармен барған Ресейдің денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко өзбек тарап вакцина өндіру үшін арнайы орын әзірлеп қойғанын жеткізді.

"Екі өлке президенттерінің тапсырмасы аясында Өзбекстанда "Спутник V" вакцинасын өндіруді жолға қою туралы келістік", - деді Мурашко.

Өзбекстанға "Спутник V" вакцинасының алғашқы партиясы 23 сәуірде, екіншісі 27 сәуірде жеткізілген.

Өткен аптада Ресей президенті Владимир Путин Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен Сочиде кездескенде Мәскеу коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасын Қырғызстанда өндіру мүмкіндігін қарастырып жатқанын білдірген.

"Ресей Қырғызстанға тест-системаларды, антивирустық дәрілерді және вакциналарды жеткізуге жәрдем беріп келді, әрі қарай да көмек беріле береді. Қазір біздің мамандар "Спутник V" вакцинасын Қырғызстанда өндіру мәселесін қарастырып жатыр", - деген Путин.

22 сәуірде Бішкекке Ресейдің "Спутник V" вакцинасының 20 мың данасы жеткізілген. Олардың 15 мыңы 10 доллардан сатылып алынса, 5 мыңы гуманитарлық көмек ретінде келген.

10 мамырда Қырғызстан Ресейден қосымша 20 мың дана вакцина алған.

XS
SM
MD
LG