"3-ші және 4-ші дәрежедегі күйік" алған екі жұмысшы аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді, деп хабарлады аймақтағы денсаулық сақтау басқармасы Азаттық тілшісіне.
— Конвертор цехындағы ерітілген шойын төгілген, бірақ өрт шықпаған. Қызған шойын 20 шаршы метрге төгілді. Күйіп қалған екі адам ауруханаға түсті, — деп хабарлады Қарағанды облысының төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті Азаттыққа.
Азаттық тілшісі "АрселорМиттал Теміртау" баспасөз қызметіне хабарласты. Бұл қызметтегілер компанияның ресми сайтындағы қысқа мәліметті қайталады. Баспасөз қызметіндегілер өндіріс тоқтаған-тоқтамағанын айтпады.
Аймақ билігі тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады. Комбинаттағы апат бірнеше адамның қатысуымен болған қайғылы оқиға деп сипатталды.
Теміртаудағы металлургиялық комбинатта мұндай апаттар жиі болып тұрады. Биыл наурызда "АрселорМиттал Теміртауға" тиесілі ЖЭЦ-2-де өрт шығып, екі жұмысшы күйіп қалған, солардың бірі қайтыс болған. Сол кезде де жергілікті билік апатты бірнеше адамның қатысуымен болған қайғылы оқиға деп сипаттаған.