Ссылки доступа

"Туыстарымызды қайтармайынша акцияны тоқтатпаймыз". Консулдық алдындағы наразылыққа 100 күн


Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп, Алматыдағы Қытай консулдығы маңында наразылық өткізіп жүрген тұрғындардың акциясына 18 мамырда 100 күн толды.

Сейсенбі күні де ол жаққа оннан астам адам жиналып, акция өткізді. Бұл жолы акцияға өзге де ақпарат құралдары мен саяси күштердің назар аудара бастағаны байқалды. Наразыларды полиция әдеттегідей консулдық жаққа қарай өткізбеді, олар талаптарын сол маңда айтты.

– Қытай бізге жауап берсін. Біздің әрекетіміз - заңсыз емес, Қытайдыкы – заңсыз. Қытай жауыздық жасап отыр: менің әкемді өлтірді, одан бөлек шешем мен екі інімді күні бүгінге дейін барымталап отыр. Қытай үкіметіне айтарым, менің отбасымды жібер. Туыстарымды жібермейнше, акцияны тоқтатпаймын. Әкемді өлтірген олар менің шешем мен інімді өлтіреді. Күні бүгінге дейін олардан хабар жоқ. Мен акцияны қалай тоқтатамын? Менде бұдан басқа амал жоқ. Мен не істеуім керек? Маған жол көрсетсін, кепілдік берсін! Әкемнің мәйітін бермей, сүйегін түрменің ішінде көміп тастаса, қалған үш адамды барымталап отырса, бізде басқа қандай жол бар? – деді ашынған Ақиқат Қалиолла.

Наразылардың акциясын тіркелмеген Қазақстанның демократиялық партиясының мүшесі Абзал Достияров бастаған бірді-екілі адам қолдап келді. Онда Азаттықтан бөлек өзге де ақпарат құралдары бар.

Наразылардың кейбірі туыстарының Шыңжаңдағы "саяси қайта тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалғанын айтса, кейбірі "негізсіз айыптармен" ұзақ жылға сотталғанын, бірі Қытай билігінің құжаттарын тартып алып, Қазақстанға жібермей жатқанын айтқан. Осы уақыт аралығында консулдықтан ешкім шықпаған.

18 мамырда Азаттық тілшісі Қытай консулдығына барып көрді. Ол жақта құжат мәселесімен келген адамдарды бір-бірлеп қабылдап жатты. Күзетшілердің бірі "консулдық наразылық жайлы біле ме?" деген сұрақтарға жауап беруден қашып, ішке кіріп кетті.

Жергілікті әкімдік өкілі келіп, наразыларға акцияның "заңсыз" екенін ескертіп, таратуға тырысты. Бірақ наразылар "туыстары Қытай түрмесінде отырған кезде мұнда алаңсыз жүре алмайтынын" айтып, тараудан бас тартты.

Өткен аптада Алматы соты наразылыққа қатысып жүрген 8 адамды әкімшілік жауапқа тартқан еді.

Бұған дейін наразылыққа қатысқандардың бірі Фарида Қабылбектің күйеуі Рақыжан Зейнолла 9 сәуірде Шыңжаңнан Қазақстанға ұшып келген еді. "Тыңшылық" бабымен айыпталған ол Қытай түрмесінде – 13 жыл, "саяси лагерьде" 1,5 жыл болған. Одан шыққаннан кейін үйқамақта болған. Кейбір мамандар Қытайдың оны босатуына халықаралық қысым себеп болды деп санайды.

  • БҰҰ мен халықаралық зерттеушілер Қытай Шыңжаң өлкесінде миллионнан аса ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылмандарды лагерьге қамады деп мәлімдеген. Құқық қорғаушылар жүздеген мың адамның діни рәсім жасағаны үшін немесе шетелдегі таныстарымен байланыс орнатқаны үшін негізсіз түрмеге қамалғанын айтқан. Пекин бұл әрекетін "терроризммен күрес", ал лагерьлерді "кәсіп меңгеру орны" деп атаған.
  • Халықаралық ұйымдар Пекинді Шыңжаңда түркітілді мұсылмандарды қудалағаны үшін айыптап, бірқатар батыс елдері Қытайға санкция салған. Құқық қорғау ұйымдары Қытайда негізсіз қамалғандар көбейгені жайлы ірі зерттеу де жариялаған. Ал Қытай батысты "елдік ішкі ісіне араласты" деп сынайды.
XS
SM
MD
LG