Ссылки доступа

Асқар Ақаев 2005 жылы билікті заңды жолмен бермегеніне өкінеді (видео)


Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев Youtube-тегі "Автор ТВ" арнасына сұхбат берді. Онда ол өзінің президенттігі, отбасының ел басқару ісіне араласуы, шекара мәселелері, Аксый оқиғасы және өзге жайттарға тоқталған.

Ақаев 2005 жылы билікті заңды жолмен бермегеніне өкінетінін жеткізген.

"Тәуелсіздік жылдары 15 жыл басқарған президент ретінде менде бір өкініш бар. Егер 2005 жылы сайлау өтіп, билікті өз қолымен тапсырғанымда, өкінбес едім. Менен қателіктер кетті. Бірақ сонымен бірге Қырғызстанға көп пайда келтірдім деп те санаймын. Саяси авантюристер әділ сайлауда жеңіске жете алмайтынын түсінді, сүйтіп менің президенттік мерзімім аяқталмай тұрып төңкеріс жасап, билікті басып алды. Соның кері әсері әлі күнге дейін жалғасып жатыр" деді Ақаев.

Оның пікірінше, Қырғызстанда билікті күшпен ауыстыру заңдылыққа айналған. Былтыр қазанда болған оқиға соның дәлелі деді.

16 жыл бұрын – 2005 жылы 24 наурызда Қырғызстанда тарихта "қызғалдақ" революциясы деген атпен белгілі халық толқуы болды. Азаматтар парламент сайлауының нәтижесіне наразылық білдірді. 4 наурыздан бастап жер-жерде билік оппозиция қолына өте бастады. Ал 24 наурызда Бішкекте оппозициялық күштердің ірі митингісі өтіп, артынша елдің бірінші президенті Асқар Ақаев билігі құлатылды. Ол отбасымен Мәскеуге қашып кетті.

XS
SM
MD
LG