Ссылки доступа

Алматыдағы Ан-26 апаты: Тірі қалғандарға ота жасалды, жағдайы – тұрақты ауыр


Алматыдағы ұшақ апатынан тірі қалған екі экипаж мүшесіне ота жасалды. Дәрігерлер олардың хәлі тұрақты ауыр дейді. Бұл туралы "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне қоғамдық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлаған.

"Зардап шеккендерге ота жасалды. Оларды аман алып қалу үшін бар жағдай жасалды. Жан сақтау бөлімінде жатыр. Қазіргі жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланып отыр" деді баспасөз қызметінің өкілі ақпарат агенттігіне.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті қаза тапқан әскери қызметкерлердің аты-жөні мен лауазымын жариялады:

  • Майор Барлықбаев Ғабит Есімдеұлы, 1984 жылы 19 қазанда туған, Авиация бөлімінің штурманы;
  • Капитан Баймұратов Досжан Ғалымбекұлы, 1985 жылы 15 желтоқсанда туған, Авиация бөлімі ұшу тобының борт технигі;
  • Аға лейтенант Сағымбаев Мұхтар Қажымұқанұлы, 1994 жылы 24 қарашада туған, Авиация бөлімі ұшу тобы экипажының штурманы;
  • Сержант Васильков Евгений Борисович, 1985 жылы 10 қарашада туған, Авиация бөлімі ұшу тобының аға борт механигі.

13 наурыз күні Алматы әуежайына қонар сәтте Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті авиация қызметінің ұшағы Ан-26 апатқа ұшырады. Ұшақ ішінде алты экипаж мүшесі болған. Оның төртеуі оқиға орнында қаза тапты. Екеуі ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді.

XS
SM
MD
LG