Ссылки доступа

Қазақ медициналық университеті лицензиясынан айрылғаннан кейін 900 шетел студенті "далада" қалды


Ақпан айында Қазақ медициналық университеті лицензиясынан айырылған. 2 наурызда білім және ғылым министрлігі 900 шетелдік студенттің әрі қарайғы оқуы жайында айтты.

Министрлік мәліметінше, оқу орны 2020 жылы өрескел заң бұзушылықтар жіберген. Онда бакалавр, магистратура, докторантура, резидентураға оқу процесінде жеткілікті профессорлық-оқытушылық құраммен қамтамасыз етілмегені айтылған. Сонымен бірге бірқатар қойылған талаптарға сәйкес келмейтіні көрсетілген.

18 ақпанда "Астана" телеканалы оқу орнының 600 оқытушысы министрлік шешіміне қарсылық ретінде көшеге шыққанын хабарлаған.

– Біз елдің президентіне қайрыламыз. Себебі министрлік шешіміне біздің күмәніміз бар. Тәуелсіз сараптама жүргізілсін. Біздің оқытушылар шын мәнінде жоғары білікті мамандар, - деген медициналық университеттің профессоры Раушан Бердалина.

Аталған оқу орнында оқитын шетелдік студенттер Азаттық тілшісіне туындаған жағдай туралы былайша айтқан еді.

– Мен мұнда үшінші курстан бастап 2,5 жыл оқимын. Бізге мұнда клиникалық база мықты, тәжірибе өте жақсы деген соң келдік. Біз бірнеше ауруханадан тәжірибеден өттік. Біз осы оқу орнында білімімізді жалғастырып, аяқтағымыз келеді. Бізге дәріс беретін профессорлар өте жақсы, – дейді 5-курс студенті Шараф Салим.

Өзге де шетелдік студенттер оқуын аяқтаған соң Қазақстанда жұмыс істей алмайтынын, себебі тек студенттік визамен жүргенін, ата-аналары оқуға деп жылына 4200 доллар жіберіп тұратынын айтады.

Студенттер оқу орны жабылса, елге дипломсыз қайтамыз ба деп қауіптенеді.

Бұл мәселеге қатысты білім және ғылым министрлігінің өкілі бәрі заң аясында шешілетінін жеткізді.

Осыған дейін аталған мекеме Қазақстанда білім сапасы төмен оқу орындарының бәрі жабылады деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG