"Душанбе — Алматы — Душанбе" және "Душанбе — Кабул — Душанбе" бағыттары бойынша рейстер аптасына бір мәрте жүзеге асырылады. Бұл туралы Тәжікстан үкіметі жанындағы Азаматтық авиация агенттігінің директоры Икром Субхонзода хабарлады.
"Тәжікстанда эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Халықаралық рейстерді қайта жандандыруға болады", деді агенттік басшысы.
Тәжікстан билігі биыл қаңтардың басында елде "коронавирус жоқ" деп мәлімдеген. Жергілікті сарапшылар биліктің бұл мәлімдемесіне күмәнмен қарайды.
Тәжік билігі коронавирус пандемиясына байланысты былтыр 20 наурызда халықаралық тұрақты әуе қатынастарын тоқтатқан.
Биыл Түркия, Өзбекстан және БАӘ-мен әуе қатынасы қайта жанданды. Душанбе Ресеймен әуе қатынасын қайта орнатқысы келетінін мәлімдеген, бірақ бұл мәселеге қатысты әлі шешім қабылданған жоқ.