Ссылки доступа

Владимир Путин: Қырғызстанда орыс тілі мәртебесін сақтау маңызды


24 ақпанда Мәскеуде Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Ресей президенті Владимир Путин кездесті.

Кремльдің хабарлауынша, Ресей басшысы Жапаровты Қырғызстан президенті қызметіне кірісуімен құттықтап, оның "ел ішіндегі саяси жағдайды реттей алатынына" сенетінін айтқан.

Бұған қоса, Путин күн тәртібінде көптеген мәселе талқыланатынын, кездесулер екі елдің қарым-қатынасын дамытуға үлес қосатынын хабарлаған.

Садыр Жапаров болса Қырғызстан "Ресей Федерациясымен әріптестікке әрдайым дайын екенін" айтып, Путинді кез келген уақытта елге ресми сапармен келуге шақырды.

Владимир Путин Қырғызстандағы орыс тілі мәртебесіне қатысты мәселені де көтерген.

"Сіздің орыс тілінің мемлекеттік мәртебесін сақтағаныңыз екі елдің қарым-қатынасы үшін аса маңызды екенін айтқым келеді. Бұл бізге де, Қырғызстан азаматтары үшін де маңызды, өйткені Ресейдің еңбек нарығына кіруді жеңілдетеді. Өз тарапымыздан қырғызстандықтардың Отанында орыс тілін үйренуге жағдайға жасау үшін бәрін жасаймыз. Жоспарлар бар", - деді Путин.

19 ақпанда үкіметтің "Қырғызстан сөзі" газетінде Садыр Жапаровтың мақаласы жарияланды. Онда қырғыз басшысы орыс тілі мәртебесін саяси манипуляция ретінде пайдалануға қарсы екенін жазған.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Мәскеуге екі күндік сапары 24 ақпанда басталды.

XS
SM
MD
LG