Дүйсенбі күні неміс прокурорлары "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік ұйымға мүше болды деп күдіктелген тәжік азаматтарының ісін Дюссельдорфтағы жер сотына жіберді. Бұл сот 26 қаңтарда тағы бір тәжік азаматын ИМ-ға мүше болды деген айыппен 7 жылға соттаған.
Неміс тергеушілерінің айтуынша, ұсталғандардың бірі Азизжон Б. ИМ идеясын насихаттаумен айналысқан, интернет арқылы ақша жинаған.
Айыпталып жатқан тәжік азаматтары Сирияда және өзге елдермен ИМ лидерлерімен байланыста болғаны айтылады. Тергеу мәліметі бойынша, олар бастапқыда Тәжікстанға кетіп, жергілікті билікпен күрес жүргізбек болған. Бірақ Германияда қалып, осында бірнеше теракт ұйымдастыруды көздеген. Олардың нысанаға алғаны - АҚШ әскери базасы болғаны айтылады.
Былтыр сәуір айында немістің ықпалды Der Spiegel басылымы бұл іске қатысты біраз мәлімет жариялады. Онда Равшан Б. деген күдікті 2019 жылдың қаңтар айында Албаниядағы кәсіпкерлердің бірін өлтіру жөнінде тапсырма алған. Ол бұл үшін 40 мың АҚШ долларын алып, Албанияға аттанған. Бірақ "құрбанын" анықтай алмаған.
2015 жылы Тәжікстанда ислам партиясы жабылғаннан кейін жүздеген адам Еуропалық одаққа барып, бізді саяси және діни көзқарастарымыз үшін қуғындап жатыр деп саяси баспана сұраған.