Ссылки доступа

Қырғызстанда бұрынғы премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиев ұсталды


Мухаммедкалый Абылгазиев
Мухаммедкалый Абылгазиев

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті бұрынғы премьер-министр Мухаммедкалый Абылгазиевті ұстады. Бұл туралы құпия дереккөзге сүйенген Азаттықтың Қырғыз қызметі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, Абылгазиев 26 қаңтарда ұлттық қауіпсіздік комитетіне шақыртылып, ізінше қамауға алынған. Бұрынғы премьер-министр "заңсыз жолдармен байыды" деген күдікке ілініп отыр.

Кей мәлімет бойынша, Абылгазиев үстінен қозғалған қылмыстық іс Құмтөр кенішін игеру бойынша жасалған соңғы келісіммен байланысты болуы мүмкін.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Абылгазиевтің ұсталуына байланысты түсініктеме бермеді.

53 жастағы Мухаммедкалый Абылгазиев 2018-2020 жылдары үкіметті басқарған. Былтыр 15 маусымда - елде коронавирус індеті күшейіп тұрған тұста қызметінен кетті.

20 қазанда қаржы полициясы бұрынғы премьер-министрге елден кетуге тыйым салынғанын хабарлады. Бірақ нақты қай іске байланысты шектеу қойылғанын нақтыламады. Ертесінде тергеуге шақырылды.

XS
SM
MD
LG