Ссылки доступа

Аустралияда терроризмді насихаттады деген күдікпен тәжік ғалымы ұсталды


Абдусалом Одиназода
Абдусалом Одиназода

Перт қаласындағы Батыс Аустралия университетінің оқытушысы, 52 жастағы тәжік ғалымы Абдусалом Одиназода 22 желтоқсанда өзінің үйінде терроризмді насихаттады деген күдікпен ұсталды. Бұл жөнінде Аустралияның ақпарат құралдары хабарлады.

Сәрсенбі күні сот ғалымды 2021 жылдың 15 қаңтарына дейін қамауда қалдыру жөнінде шешім шығарды. Абдусалом Одиназода интернет арқылы экстремистік мазмұндағы материалдар таратты деп айыпталып жатыр.

Ресми хабарламаға сәйкес, биыл ақпан айында Аустралия полициясы Абдусалом Одиназодаға қатысты интернетте жариялаған материалына байланысты тергеу бастаған. Полиция офицерінің көмекшісі Скотт Ли материалда экстремистік пиғыл барын дәлелдеу үшін жүздеген сағат тынымсыз жұмыс істедік деп пікір білдірген.

2018 жылдың басында Тәжікстан билігі Абдусалом Одиназодаға қатысты интернеттегі жариялаған мақалаларына байланысты билікті күшпен өзгерткісі келеді деген айыппен қылмыстық іс қозғаған.

Ол 2003 жылдан бері Аустралияда тұрып келеді. Осы елдің азаматы. Бірақ 2015 жылы бөтен елде тұрып шаршағанын, отанына оралатынын мәлімдеген. Еліне келіп, тәжік медициналық университетінде сабақ берген. Бірақ 2016 жылдың мамыр айында оны құжаттары дұрыс емес деп Тәжікстаннан депортациялады.

Ол әлеуметтік желілерде негізінде парсы тілі, тәжік дүние танымының зороастризмге сәйкес келетіні туралы материалдар жариялайтын. Бірақ оны Тәжікстаннан депортациялағаннан кейін, діни тақырыптарды көтеріп, Ислам мемлекеті экстремистік ұйымын қолдайтыны туралы материалдар жаза бастады.

Ол ертеректе Азаттық радиосының тәжік қызметіне берген сұқбатында "Менің мақсатым таза исламды насихаттау, мұсылмандарды біріктіргім келеді. Бірақ тәжік билігі мұны қабылдағысы келмейді. Олар мені экстремистерді қолдайды деп ойлайды" деген.

XS
SM
MD
LG