Ссылки доступа

Семейде автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты


15 желтоқсанда Семейде Semey Bus автопаркінің жүргізушілері жалақының кешіктірілуіне байланысты жұмысқа шығудан бас тартты.

Сейсенбі күні автопарк алдына жиналған ондаған адам қараша айының жалақысын әлі алмағанын айтты. Кейбірі қазан айының жалақысы да қолына тимегеніне шағымданды.

— Күзде әкімнің өзі жалақы мәселесі шешіледі, уақытында беріледі деп уәде берген. Бір ай істедік, мәселе қайта басталды, — дейді автопарк жұмысшылары.

Semey Bus компаниясы қызметкерлерінің сөзіне қарағанда, жұмыс беруші жұмысшылардың зейнетақы мен міндетті медициналық сақтандыру жарнасын да құймаған.

— Мен қан қысымы бойынша есепте тұрмын, соңғы үш айда система алуға тиіспін. Осыған дейін екі рет емделдім, бәрі ойдағыдай болатын. Енді осы жолы барсам, медициналық сақтандыру жарнасы төленбеген деп айтты. Кәсіпорынға келсем, қараша мен желтоқсан айының жарнасын төлеу туралы өтініш жазыңыз, екі күнде шешім береміз деді. Екі күн күттім, жарна әлі төленбейді, — дейді жүргізуші Қажыұлы Салықбаев.

Автопарк жұмысшыларының сөзіне қарағанда, зейнетке шығуына бір жыл қалған әріптестерінің бірі қарызы үшін өзіне қол жұмсаған.

— Күзде өзіне қол жұмсады. [Автобуста] ажыратып-қосқыш бар. Таңертең автобус толы болған кезде біреудің аяғы тиіп кетсе, істемей қалады. Соның салдарынан есік дұрыс жабылмай, адамдардың автобустан құлап кетуі оңай. Сондай бір жағдайдан кейін көлік апаты болып, сол жүргізушінің үстінен 2 миллион теңгелік шағым түскен. Оның зейнетке шығуына 10 ай қалған еді. Шыдамай өзіне қол жұмсады, — дейді Қажыұлы Салықбаев.

Жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 6:30 шамасында наразы жұмысшылардың алдына диспетчер шықты. Ол кәсіпорынның қаржы жағдайы ауыр екенін айтты.

— Мамандар жұмыстан кетіп жатыр, қосалқы бөлшек жетіспейді, жалақы төлейтін ақша жоқ. Бүгін олар (кәсіпорын басшылығы - ред.) мәселені шешу үшін Өскемен қаласына облыс әкіміне кетті. Бүгін-ертең зейнеткерлер, мүгедектерге ақша төлеу үшін 90 млн теңге көлемінде дотация аударылуы тиіс — деді диспетчер.

Ол наразыларға осыған дейін басшылық қатысқан жиналыста не болғанын айтып берді. Камераны өшіріп, өзін жазбауды сұрады.

Жұмысшылардың айтуынша, қазір кәсіпорынның есепшоты сақтандыру компаниясымен сот дауына байланысты бұғатталған. Бұған қоса, автопарк Семей қаласының мемлекеттік кіріс жөніндегі басқарма үстінен 8 шағым түсірген. Semey Bus соттан 20 қазанда жүргізілген камералық бақылау нәтижесін жарамсыз деп тануды сұрап отыр.

Semey Bus жұмысшылары осыған дейін де жалақыға байланысты ереуілге шыққан.

XS
SM
MD
LG