Оның сөзіне қарағанда, дүйсенбі күні Львов соты оның апелляциялық шағымын қараған. "Право на защиту" ұйымы адвокатының (аты-жөнін айтпады) айтуынша, 6 қарашада сот оны ұстау және елден шығару туралы сот шешімін шығарған. Еркінұлы бірінші инстанциядағы осы шешімге шағым түсіріп, сот өтінішін қанағаттандырған.
8 желтоқсанда Алматы уақытымен кешке Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен ұйым адвокаты Еркінұлын Киевке шығарып салып жатқанын айтты. Ол жақта оны қазақ қауымдастықтары қарсы алады.
Осыған дейін Украинаның көші-қон қызметіне босқын мәртебесін беру туралы өтініш түсіріп, пана іздеуші тұлға куәлігін алған Еркінұлы енді "тіл курсына баруды жоспарлап отыр".
"Босқын мәртебесін сұрағандықтан мені осында босқындар лагеріне жіберуі де мүмкін еді, бірақ мен өзім шағымданып жатып, қамаудан шықтым. Мен украин, орыс тілін білмеймін. Сондықтан да осында тіл меңгеруді қолға алатын шығармын" дейді Еркінұлы Азаттыққа.
Ақпарат бойынша, босқын мәртебесін сұрау туралы өтінішті Украина билігі бір жыл аралығында қарайды.
Қазан айының соңында Украинаның Львов облысында ұсталған 23 жастағы Ерсін Еркінұлы осыған дейін өзін Қытайға депортациялауы мүмкін екенін айтып, ақпарат құралдарынан көмек сұраған еді. "Қытайға қайтсам, мені түрме мен азап, қорлық, өлім күтіп тұр. Сондықтан мені Қазақстанға алып кетіңіздерші" деген еді видеомәлімдемеде Еркінұлы.
Ізінше оған Украинаның "Право на защиту" құқық қорғау ұйымының заңгер тағайындап, көмектесе бастағаны хабарланды. Кейінірек Еркінұлы пана іздеуші тұлға куәлігін алды. Украина заңгерлерінің айтуынша, көші-қон қызметіне босқын мәртебесін беру туралы өтініш түссе, елден шығару процедурасы тұтас тоқтап, саяси баспана беру туралы шешім шыққанға дейін депортация мәселесі шегеріледі. Құқық қорғау ұйымы бұған дейін оны Қытайға депортацияламауға "бар күшін салатынын" айтқан.
Осыған дейін келіп түскен ақпарат бойынша, Қазақстаннан азаматтық ала алмай, Түркияға онан әрі Еуропаға өтіп, Киевтің Борисполь әуежайына келгенде құжаттарын жоғалтып алған Еркінұлын украин шекарашылары биыл қазанның соңында Львов облысында "шекараны заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін" ұстаған. Бұған дейін сот өтіп, айыппұл салған.
Соңғы бірнеше жылда Қытайдың Шыңжаң аймағынан бірнеше этникалық қазақ қашып келген. Олар сол жақтағы қысымға шыдамай, қашуға мәжбүр болғандарын айтқан. Қазақстан билігі жақында төртеуіне босқын мәртебесін берген. Бір-екі жыл бұрын босқын мәртебесіне қол жеткізе алмаған Сайрагүл Сауытбай отбасымен бірге Швецияға қоныс аударған еді.
Біріккен Ұлттар Ұйымының есебінше, 2017 жылдан бастап Шыңжаңда тұратын бір миллионға жуық ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да мұсылман "қайта саяси тәрбиелеу" лагерьлеріне қамалған. Пекин бұл орындарды "терроризммен күрес орталығы" деп атаған. Құқық қорғаушылар мен куәгерлер лагерьлерде азаптау, қысым жасау, зорлық-зомбылық, мәжбүрлі түрде жұмыс істету сияқты адам құқығын өрескел бұзу фактілері барын айтады.
Бұған дейін лагерьлерде отырып шыққан қазақтар Қазақстанға оралған соң Шыңжаңдағы қудалау жайлы деректерімен бөліскен. Олардың айтқандары әлемдік БАҚ беттерінде де жарияланды. Халықаралық қауымдастық Қытайдың Шыңжаңдағы саясатын жиі сынайды.