Бірінші вице-спикер Аида Касымалиева (4 қазанда өткен сайлауда "Биримдик" (Бірлік) партиясы атынан түсті) депутаттар қажетті кворум жинай алмаса да шешім қабылдады дейді.
"Мен кеткен кезде, қажетті кворум жиналмаған. Сол кезде отырыс залында 46 депутат (бәрі 120 болуы керек. – Ред. ) болды. Сосын тағы біразы келген болуы керек. Мен қазір Жогорку Кеңеш аппаратынан отырыс қаулысын сұрап жатырмын. Регламентке сәйкес кемінде 61 депутат қатысуы тиіс. Кворум болмағанын нақты айта аламын", - деді Касымалиева.
Социал демократиялық партия өкілі Дастан Бекешев пен оппозициялық "Ата-Мекен" партиясының өкілі Наталья Никитенко мен Қаныбек Иманалиев те осындай пікірде. Олар премьер-министр заңсыз сайланды деп есептейді.
"Парламент қайта жиналып, жаңа отырыс өткізуі тиіс. Бәрі заңды болуы үшін жаңа премьерді қайта сайлауы тиіс. Президентке жаңа жарлыққа қол қоюдың қажеті жоқ. Оның бәрібір заңдық күші болмайды. Басты қызметті парламент атқаруы тиіс. Президенттің де отставкасы керек емес", - деді Касымалиева.
Енді депутаттардың қашан бас қосатыны белгісіз. Олар президент Сооронбай Жээнбековтің Бішкекке 9-21 қазан аралығында төтенше жағдай енгізу жөніндегі жарлығын бекітуі тиіс.
Өткен сенбіде Қырғызстан парламенті премьер-министр ретінде оппозициялық "Мекенчил" (Патриот) партиясының лидері Жапаровты бекіткен. Ол 6 қазанға қараған түні жақтастары тарапынан түрмеден босатылған. Ол "Құмтөр" алтын кенін мемлекет қарамағына өткізу жөнінде митинг кезінде адамдарды заңсыз кепілге ұстады деген айыппен жазасын өтеп жатқан.
Президент Жапаровты премьер-министр ретінде тағайындау жөніндегі жарлыққа әзірге қол қоймады. Заңға сәйкес, үш күн ішінде қол қоюы тиіс.