28 шілдеде сот экс-премьерді қызметін асыра пайдаланды, көлеңкелі ақшаны заңдастырды деген баптар бойынша айыпты деп таныды. Оған сонымен бірге 49,3 млн доллар айыппұл төлеуді міндеттеді. Сот Наджиб Разакты сот үкімі күшіне енгенше, бостандыққа жіберді.
Наджиб Разак 2009 жылы үкімет басшысы болып тұрғанда өзі құрған 1MDB инвестициялық қордан ақша жымқырғанын мойындамады. Сот материалында айтылған қаржы мемлекеттік қор жанынан құрылған SRC International компаниясына тиесілі 10 млн долларға қатысты.
АҚШ тергеушілері мемлекеттік қордан кемінде 4,5 млрд доллар ұрланып, күрделі желілер арқылы заңдастырылған деп отыр. Бұл қаржы қымбат зәулім үйлер, бағалы заттар сатып алуға жұмсалғаны айтылады.
Наджиб Разак банктегі жеке есеп шотындағы 700 млн долларды Сауд Арабиясының сыйлығы деп мәлімдеп, бұл ақшаны қайтардым деді.
Экс-премьер 2018 жылы қамауға алынғанға дейін Reuters агенттігіне сұқбат беріп, үйін тінту кезінде табылған 300 қорап бағалы заттар мен қымбат әшекейлерін қызы мен әйеліне жіберілген сыйлық екенін айтқан.
Наджиб Разак күйеу баласы Данияр Назарбаев әрбірі кемінде он мың доллар тұратын сөмкелерді қызы мен әйеліне сыйлады деген. Наджиб Разактың қызы Нуриана Наджва Данияр Кесикбаевқа (БАҚ оның фамилиясы Данияр Назарбаев болғанын жазады) тұрмысқа шыққан.
Ол - Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың бұрынғы әйелі Майра Құрманғалиеваның ұлы.
Наджибтің әйелі мен онымен бірге жұмыс істеген жоғары лауазымды шенеуніктерге де мемлекет қаржысын ұрлады деген айыппен қылмыстық іс қозғалған.
Өткен аптада АҚШ-тың Goldman Sachs инвестициялық банкі Малайзия үкіметімен 1MDB қорына қатысты өзінің қызметкерлерінің айыпталуына байланысты 3,9 млрд доллар төлеу жөнінде келісімге келді. 1MDB қорына қатысты жанжал 2018 жылдағы сайлаудан кейін Наджиб үкіметінің отставкаға кетуіне себеп болды.