Оқиға таңертең Алматы облысы Қарасай ауданы Көксай ықшамауданында болған. Полицияның мәліметінше, 1992 жылғы азамат мінген көлік алдымен бақылау-өткізу бекетіне соғысқан.
“Ол алдымен бетон қоршауға барып тиген, кейін инерциямен патрульдік көлікке соғылған. Көлік ішінде болған екі полиция қызметкерінің бірі 42 жастағы Жалғас Жанғазиев сол жерде қайтыс болды”, - делінген таратылған хабарламада.
Екінші полицей - 26 жастағы Дастан Әбдіқанов кейін ауруханада қайтыс болған. Полиция “көлік жүргізушісі мас болған” деп хабарлады. Күдікті қамалып, сотқа дейінгі тергеу басталды.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, қаза тапқан екі полицейдің де артында бала-шағасы қалды.
Коронавирус пандемияына байланысты енгізілген карантин кезінде блокпосттарда полиция қызметкерін көлікпен қағып өту осыған дейін бірнеше рет болған. 30 сәуірде Алматы қаласы Медеу ауданындағы блокпостта көлік жүргізушісі полиция қызметкерін қағып кеткен. Дәл осындай жағдай 13 мамырда Түркістан облысынан Шымкентке кіреберісте болған.
Қазақстан үкіметі елдің екі ірі қаласы – Алматы мен Нұр-Сұлтанды наурыздың 19-нан карантинге жапқан. Мамырдың 11-і күні төтенше жағдай аяқталды, бірақ эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантин күшінде қалып, блокпосттар әлі алынған жоқ.