Жергілікті тұрғындардың бірінің айтуынша, төтенше жағдайлар министрлігінің, ішкі істер органдарының және Ұлттық гвардия қызметкерлері таң атпай халықты оятып, көшуге шақырған.
– Таңғы сағат 6-да кенеттен айқай басталды. Көшелерде милиция қызметкерлері "Тұрыңдар, көшіңдер, Сардоба су қоймасындағы дамба жарылды" деп айқайлап жүрді. Біздің үй су қоймасынан бір шақырым жерде орналасқан. Бірден құжаттарды алып, далаға шықтық. Елдің бәрі дүрбелеңге түсіп, көліктеріне отырып, қашып жатыр, біз де қаштық. Су гүрілдеп бірден басып қалды, біз көлікпен шығып үлгердік. 1 және 1А ауылы толық судың астында қалды, – деді ол.
Төтенше жағдайлар министрлігінің Сырдария облыстық басқармасының қызметкері дамба жарылғанын растады. Құрбан болғандар мен зардап шеккендер әзірге жоқ деді. Жалпы 12 мыңға жуық адам қауіпсіз аймаққа көшірілген.
Сардоба су қоймасы 2017 жылы салынған. Оған 922 миллион текше метр су сақталады. Оның биіктігі 28,8 метрді құрайды.