Өтемақы көлемін азсынған Киев мұндай ұсыныстан бас тартты. Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский ТСН телеарнасы сұқбатында мәлімдеді.
"Марқұмның әйелі отбасының жалғыз асыраушысынан айрылып, баланы институтқа түсіру керек деп отырса — 80 мың доллар ештеңеге жетпейді", — деді Зеленский.
Ол Украинаның Ираннан бұдан көп өтемақы талап ететінін мәлімдеді, бірақ нақты қанша екенін айтпады. Бұның алдында Украина билігі ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 200 мың гривеннен (шамамен 8 мың доллар) берген. Қазір әуе тасымалдаушының өтеамқы төлеу мәселесі шешіліп жатыр. Алайда сақтандыру компанияларына АҚШ салған санкцияларға байланысты Иранмен жұмыс істеу қиынға соғып отыр. Бұл туралы Зеленский сұқбатында айтты.
Тегераннан Киевке 8 қаңтарда ұшып шыққан "Боинг" ұшағын иран зымырандары атып түсірген. Ұшақ бортындағы 176 адам қаза тапты, олардың арасында 11 украиналық болды.