"Anadolu" агенттігі хабарлағандай, Машарипов конституциялық құрылымды өзгертуге әрекет қылған және 39 адамды өлтіруге қатысқан деп айыпталып жатыр.
Егер ол кінәлі деп танылса, қарулы террорлық топқа мүше болғаны үшін 15 жылға және 39 адамды өлтіргені үшін 2370 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Жалпы "Рейна" түнгі клубындағы шабуыл ісі бойынша Машариповтан бөлек тағы 57 адам айыпталушы қатарында. Олардың 18-і қамалып, сегізі жауапкершілікке тартылған.
2017 жылдың 1 қаңтарында Түркияның Стамбұл қаласындағы "Рейна" түнгі клубындағы шабуылда 39 адам қаза тауып, 70-ке жуық адам жараланған. Терактіні "Ислам мемлекеті" қозғалысы мойнына алды.