Ссылки доступа

Алматыда ер адам биік ғимараттан құлап, мерт болды


5 қарашада таңертеңгі сағат 10.40 шамасында Алматыда көп қабатты "Нұрлы Тау" бизнес-орталығының ғимаратынан бір ер адам құлап, мерт болды. Бұл ақпаратты Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі растады.

"Қазір оқиға орнында полиция, дәрігерлер, мамандар жұмыс істеп жатыр. Толық ақпаратты Алматы полициясы таратады" деді департаменттің баспасөз хатшысы Гүлдана Маратқызы. Төтенше жағдай департаментіне ер адам құлағаннан кейін ақпарат түскен.

Алматы қаласының Бостандық аудандық полиция департаменті түс кезінде қысқа хабарлама таратты.

"Өлген адамның аты-жөні анықталды. Бұл - 1971 жылғы азамат. Әзірге толық емес ақпарат бойынша, ер адам бизнес-орталықтың 12-қабатындағы подъездің терезесінен секірген" делінген хабарламада. Полицияның айтуынша, ер адамның биік ғимараттан не үшін секіргені және өзге жайттар тергеу кезінде анықталады.

Әлеуметтік желіде тараған суреттерде оқиға орнында жедел жәрдем көлігі, полицейлердің жүргені, белуарына дейін медициналық материалмен жабылған мәйіттің жерде жатқаны көрінеді.

XS
SM
MD
LG