"Қызымды көрмегеніме төрт жыл алты ай болды. Оның қазір баласы бар. Олардың жағдайы өте қиын. Мен олармен телефон арқылы сөйлесіп тұрамын, қатты жылайды. Қызым 20-да, 17 жасқа толмай жатып, Сирияға кеткен" деді Шу облысының тұрғыны Гуль Шарипова.
Ыстықкөл облысының тұрғыны Шолпон қызының 2014 жылы Сирияға кеткенін, қазір Қырғызстанға қайта алмай отырғанын айтып шағымданған.
"Күнде жылайды. Қайта алмай жатыр. "Мама, бізді алдап кетті" дейді. Енді соңғы үмітіміз сізде. Сіз оларды қайтара аласыз деп сенеміз. Олар палаткада тұрып жатыр, балалар ауырады, ешқандай көмек жоқ, жейтін тамақ жоқ, дәрі-дәрмек туралы айтпай-ақ қояйын" деді президент Сооронбай Жээнбековтен көмек сұраған Шолпон есімді әйел.
"Немерелеріміз жарылыс пен аштықтан басқа ешнәрсе көрген жоқ. Олардың еш кінәсі жоқ қой" дейді Шу облысының тұрғыны Луиза Магомаева.
Қазан айында Қырғызстанның мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Сириядағы лагерьлер мен түрмелерде шамамен 500 қырғыз азаматы отырғанын айтқан. Қырғызстан билігі оларды елге қайтару бойынша келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Бұған дейін Қазақстан, Тәжікстан, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан Ирак пен Сирияға соғысқа кеткен азаматтарын қақтығыс ошақтарынан эвакуациялаған. 2019 жылы Қазақстан билігі "Жусан" операциясы барысында Сириядан 516 адамды жеткізген, олардың 360-ы - бала. Сириядан оралғандардың кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотталды.