Ссылки доступа

Тәжікстан Ұлттық банкі "терроризмге қатысы бар адамдар" тізімін кеңейтті


Тәжікстанның Ұлттық банкі "терроризмге қатысы бар адамдардың" жаңа тізімін жариялады. Онда 2400-ге тарта адам бар. 2018 жылғы тізімге қосымша тағы 122 адам кірген.

Өткен жұмада банктің ресми сайтында жариялаған тізімнен елде тыйым салынған Исламның қайта жаңғыру партиясының лидері, қуғындағы саясаткер Мухиддин Кабириді көруге болады.

Бұл тізімде оның туыстары, ұлдары мен орынбасарлары да бар. Аталған партияның бұрынғы баспасөз хатшысы Махмуджон Файзрахмонов та "қара тізімге" кірген. Бұдан бөлек оппозициялық саясаткерлер, "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қосылып кеткендер де бар.

Ұлттық банк тізім бойынша пікір білдірмеді. Мұндай тізімді банк үш жыл бұрын жариялай бастаған.

Былтыр Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы терроризмге қатысы бар деген тізімнен 14 адамды шығаруын сұраған. Аталған тізім қаржы мекемелеріне, көлеңкелі ақшаны заңдастыруға қарсы күресетін ұйымдарға таратылады.

XS
SM
MD
LG