Ссылки доступа

Конституциялық палата Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айыру туралы арызды қарайды


23 қазанда Қырғызстанның Конституциялық палатасы Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айыру туралы арызды қарайды. Бұл туралы Қырғызстан социал-демократиялық партиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Парламенттегі бірнеше депутат пен партия өкілдері Конституциялық палатаға екі мәрте шағымданған. Атамбаев жақтастары палатадан Жогорку Кенеш шешімін Конституцияға қайшы деп тануын талап етті.

27 маусымда парламент Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырды. Оның алдында депутаттар комиссиясы Атамбаевқа қарсы алты айып ұсынды. Бас прокуратура олардың бесеуіне негіз барын жариялады. Атамбаевтың өзі бұл айыптаулардың саяси астары барын мәлімдеген.

7-8 тамызда Кой-Таш ауылында Атамбаевты тергеуге мәжбүрлеп әкелу үшін арнайы операция ұйымдастырылды. Сол кезде ондаған адам зардап шекті, арнайы жасақ қызметкері Үсенбек Ниязбеков оққа ұшты.

Атамбаев қазір Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу абақтысында отыр. Оны қамауда ұстау мерзімін 26 қазанға дейін созған.

XS
SM
MD
LG