Баласын құтқаруға талпынған 60 жастағы анасы да ауыр күйіктермен ауруханаға түсті. Куәгерлердің айтуынша, үш баланың әкесі үйін сүріп тастау туралы шешімге қарсы шыққан.
Оқиға 18 мамырда, түскі сағат екі шамасында Сочак махалласында болған.
"Сенбі күні жер кадастры кәсіпорынының қызметкерлері 33 жастағы тұрғынның үйін сүруге келді. Бұның алдында ол заңсыз салынған үйін заңдастыру мақсатында тиісті органдарға құжаттарын өткізген. Бірақ мемлекеттік органдар оған қажетті құжаттарды жасап бермеген. Содан кейін ол шенеуніктердің әрекетіне наразылық ретінде үстіне бензин құйып, өзін өртеді.
Оның анасы өртеніп жатқан баласын құтқаруға ұмтылды. Екеуін де ауруханаға алып кетті. Жігіттің денесінің 80 пайызы, анасының денесінің 40 пайызы күйіп қалды. Дәрігерлер жігітті құтқарып қала алмады, сол күні кешке ол ауруханада қаза тапты. Анасы әлі жансақтау бөлімінде жатыр", – деді оқиға куәгері.
Бас прокуратура мәліметі бойынша, өз-өзін өртеу фактісіне байланысты қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның артында үш баласы жетім қалды.