Дереккөздің айтуынша, Түркіменстандағы барлық әскери комиссариатқа жасы 50-ге дейінгі ер азаматтардың соғысқа дайындығын тексеріңдер деген тапсырма берілген.
Бүгінде түркімен аумағымен шекаралас Ауғанстанның барлық аймағын "Талибан" қозғалысының қарулы содырлары бақылауға алған. Түркіменстан мен Ауғанстан арасындағы шекара сызығының қашықтығы - 800 км.
Әскери дереккөздің айтуынша, түркімен армиясының жағдайы "аянышты күйде". "Бізде шайқас жағдайына дайын болатындай ешқандай тәжірибе жоқ. Қолбасшылар бізде бір ғана жол бар дейді. Ол тәліптермен және өзге де содырлармен келісімге келу. Мұндай жағдай бұрынғы президент Сапармұрат Ниязов кезінен болды. Ол мен елді өзім қорғаймын, одан гөрі алқапқа барып, мақта теріңдер дейтін", - дейді дереккөз.
Қаңтар айында "Түркіменстан хроникасы" басылымы запастағы сарбаздарды есепке ала бастады деп жазған. Жыл басынан бері мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін ер азаматтарға әскери бөлімшелерге барып, әскери билеттерін тапсыруды талап еткен.