Қоғамдық, саяси және патриоттық күштер құрылтайының атқарушы комитеті конституциялық реформа жасау туралы жоба дайындаған.
Бішкекте 15 қаңтарда өткен кездесуде қоғамдық құрылтай өкілі Әзімбек Бекназаров орыс тілінің ресми мәртебесіне қатысты былай деді:
"Орыс тілі керек. Бірақ халықаралық маңызы бар тіл ретінде ғана қажет. Бұл тіл балабақшада ағылшын тілі секілді шет тілі ретінде оқытылуы тиіс. Мемлекеттік тіл - қырғыз тілі болып қалуы қажет. Іс қырғыз тілінде ғана жүргізілуі керек. Осындай шара қабылдамасақ, қырғыз тілі жойылады".
Бастамашыл топ конституциялық реформа туралы заң жобасында референдумды биыл 24 қарашада өткізуді ұсынып отыр.
Қырғызстан Конституциясында орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Қалаларда іс қағаздары мен қызмет көрсету орыс тілінде жүргізілетініне қоғамның белгілі бір тобы риза емес.