Kun.uz сайтының хабарлауынша, ұсталған шенеуніктің отбасы екі күн өткеннен кейін барып, оның қайда екенін білген.
"Маған аудандық прокуратурадан қоңырау шалып, күйеуім үшін жылы киім алып келуімді сұрады. Содан кейін барып, біз оның түрмеге түскенін білдік. Кейін интернеттен қолына балшық ұстап тұрған бір топ адамның арасынан күйеуімді де көргенде, жағдайды түсіндім", – дейді шенеуніктің әйелі.
Ұсталған шенеунікке "қызметін асыра пайдаланды", "пара берді" деген айыптар тағылған. Аймақтық прокуратура болса, бұл істің интернетте тарап кеткен суретке еш қатысы жоқ дейді.
27 қазанда әлеуметтік желіде алты ер адамның қолдарына балшықтың құрғап кеткен бөлшектерін көтеріп тұрған суреттер жарияланды. Кейін белгілі болғандай, суреттегі адамдардың бәрі жергілікті шенеуніктер болған. Сол кездегі вице-премьер Зойир Мирзаев оларды суретке түсіріп, өзге аймақтың шенеуніктеріне "сабақ болу үшін" таратуды бұйырған екен. Бұрынғы вице-премьер осы әрекеті үшін қызметінен алынды.