Ссылки доступа

Роухани: АҚШ "экономикалық терроризм" саясатын жүргізіп отыр


Выступление Хассана Роухани в ООН, 25 сентября 2018
Выступление Хассана Роухани в ООН, 25 сентября 2018

Иран президенті Хассан Роухани Нью-Йоркте БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында сөйлеп, өзінің алдында сөйлеген АҚШ президенті Дональд Трамптың сөздеріне жауап берді. Роухани Трампты АҚШ-тың өзіне алған міндеттелемелерін бұзды деп айыптап, басқа мемлекеттерді 2015 жылы Тегеранмен жасасқан ядролық келісімнен шығуға мәжбүрлеп отырған "жанжалқой" деп атады.

Роухани БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Вашингтонның аталған келісімнен шығуы мен "АҚШ-тың өз бетімен санкция салуы" "экономикалық терроризмнің" бір түрі деп атады.

Иран президенті кейбір әлем елдері басшыларының "экстремизмді, нәсілшілдік пен нацистік әрекеттерге ұқсас ксенофобиялық тенденцияларды қолдай отырып сайлаушылар даусын иеленетініне" өкінетінін білдірді. Роуханидің сөзінше, мұндай басшылар "ғаламдық тәртіпті белден басып, халықаралық институттарға нұқсан келтіреді".

Трамптың сөзіне НАТО-ға мүше өзге екі ел - Түркия мен Франция президенттері қарсы шықты. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сауда келісімінен өз бетімен шығуға, протекционизм саясатының таралуына және экономикалық санкцияларды қару ретінде қолдануға көз жұма қарамауға шақырды.

Франция президенті Эммануэль Макрон Иран мәселесінде "диалог пен көпжақтылық саясатын" ұстану керегін мәлімдеді. Оның сөзін басқа ел басшылары Трамптың Иранға қарсы қатаң санкциялар салуға шақырғанына астарлы жауап ретінде қабылдады. Макрон трибунада тұрып "Иран мәселесін шынайы тұрғыда шешудің соңы қандай болады және оны реттеуге не көсектесті?" деп сұрады. Оның сөзінше, "күштінің үстемдігі" мен "біржақты қысым" жасау мәселені оңтайлы шешуге көмектеспейді.

"Иранның ядролық қаруды жетілдіруге қадам жасағанын білеміз, бірақ 2015 жылы Венада жасалған келісім оның бұл әрекетін тоқтатты. Қазір біз аймақтық шиеленісті одан ары ушықтырмауымыз керек, одан да диалог орнатып, Иран мәселесін көпжақты келісіммен шешкен жөн" деді Франция президенті.

XS
SM
MD
LG