Ссылки доступа

Шардарадағы атыстан кейін екі күдікті қамалды


Түркістан облысы Шардара ауданы Достық ауылында бір адам мерт болып, екі адам жарақаттанған атыстан кейін екі күдікті аудандық соттың шешімімен екі айға қамалды. Бұл туралы аудандық соттың судьясы Сапархан Омаров хабарлады.

"Аудандық сот 7 қыркүйек күні Достық ауылында болған қылмыстық оқиғаға қатысты аудандық ішкі істер бөлімі тергеушісінің осы оқиғаға қатысты күдікті ретінде ұсталған 1987 жылы және 1993 жылы туған азаматтарды қамау туралы бұлтартпау шарасын қолдану түріндегі өтініш хатын қанағаттандырып, екі ай мерзімге санкциялады" дейді судья.

Сапархан Омаровтың айтуынша, 1987 жылы туған азаматқа Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру", "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру", "Бұзақылық" баптары бойынша айып тағылған. Ал 1993 жылы туған азаматқа Қылмыстық кодекстің "Адам өлтіру", "Бұзақылық" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Судья тергеу амалдарына байланысты қамауға алынғандардың аты-жөні жарияланбайтын айтты.

Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Қаракөзова қамауға алынған күдіктінің бірі - Түркістан облысының, екіншісі - Шымкент қаласының тұрғыны екенін, бұл іске қатысы болу мүмкін тағы алты адам іздестіріліп жатқанын айтқан.

Қыркүйектің 7-і күні Шардара ауданы Достық ауылының маңындағы далада шаруалар төбелесіп, атыс қаруы қолданылған. Полиция қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен екі адамды ұстаған. Олардың бірінен аңшы мылтығы алынғаны хабарланған.

XS
SM
MD
LG