Жанар Мамырованың айтуынша, жоғарғы және төменгі сыныптарда оқитын 372 оқушы қыздың елуге жуығы хиджабын шешпей отыр. 13 қыздың ата-анасына Түркістан облыстық білім саласындағы бақылау департаменті хаттама толтырып, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салған.
Директордың сөзінше, егер ата-аналар айыппұлды төлемесе, сотқа тартылады.
Жанар Мамырова қалған 26 оқушы қыздың ата-анасы қызының орамалын шешіп мектепке келуін қамтамасыз етпесе, оларға да хаттама толтырылатынын айтады.
Фердаусидегі орамал дауы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтарда шығарған бірыңғай мектеп формасы ережесі туралы №26 бұйрығынан кейін шыға бастаған. Билік бұйрықтың орындалуын талап етсе, ата-аналар дәстүрді алға тартып, қыздарының мектепке орамалсыз баруына қарсы шығады.
Министрлік бұйрығы былтыр күзде Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында да кейбір мектеп әкімшілігі мен ата-ана арасындағы "орамал дауына" себепші болған. Аталған аймақтарда мектеп әкімшілігі сабаққа кіргізбей қойған ондаған оқушының ата-анасы сотқа арыз берген.
Тұрғындар шағымын қараған соттар Білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.