Фирдоуси атындағы жалпы білім беретін мектепте орамал тартатын оқушы қыздардың сабаққа кіре алмай жүргеніне осымен үшінші күн болды. Мектеп басшылығы мен жергілікті билік өкілдері білім және ғылым министрінің 2016 жылғы қаңтарда шығарған мектеп формасы туралы №26 бұйрығын орындау үшін, қыздардың сабаққа орамалсыз келуін талап етіп жатқанын айтады. Бұйрықта мектепте қандай да бір дінді насихаттайтын киім киюге тыйым салынған.
Фирдоусиде бір топ ата-ана кеше де мектеп алдына жиналып, наразылық танытқан. Ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын қыздардың орамалдарын шешуіне қарсы емесін, тек жоғары сыныпта оқитын қыздардың мектепке орамалсыз баруына наразы екенін айтады. Бірақ кеше наразы ата-аналармен жолығуға мектеп басшылығынан ешкім шықпады.
Жоғары сыныпта оқитын орамал тартатын 200 оқушы қыздың бүгінге дейін 70-тен астамы мектепке орамалсыз келетін болған.
Кеше ауылға келген Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешенқұлова Азаттыққа ауылдағы орамал дауын реттеу үшін ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арнайы топ құрылғанын айтқан.
Фирдоуси ауылындағы орамал дауы былтыр да болған. Бұл ауыл Шымкент қаласынан шамамен 300 километр қашықта орналасқан. Ауыл тұрғындарының барлығының дерлік ұлты – тәжік, оқу орны да тәжік мектебі. Мұнда оқушы қыздар орамалды "ұлттық дәстүрге байланысты тағады".
Қазақстанның кей аймақтарында оқушы мектепке орамал тағып келуі мен оларды мектепке кіргізбеу былтырдан бері даулы мәселеге айналған.