Ссылки доступа

БАҚ: Сирияда соңғы үш жылда Ресей әуе соққысынан 8 мың бейбіт тұрғын қаза тапқан


Растан қаласында Ресей мен Сирия президенттерінің суреттері ілінген плакат, тамыз, 2018 жыл.
Растан қаласында Ресей мен Сирия президенттерінің суреттері ілінген плакат, тамыз, 2018 жыл.

Сирияда соңғы үш жылда Ресей әуе соққысынан 8 мыңдай бейбіт тұрғын мен 10 мыңнан астам қарулы топ мүшесі қаза тапқан. Бұл жөнінде Адам құқықтарының орындалуын бақылау жөніндегі Сирия орталығы мәлімдеді.

BBC-дің YouTube каналында 2015 жылдың қыркүйек айынан бастап, Сириядағы соғысқа 63 мың ресейлік әскер барғаны айтылған.

Ал Ресейдің қорғаныс министрлігі Сириядағы операция кезінде 80 ресейлік сарбаз қаза тауып, 7 ұшақ пен 6 тікұшақ апатқа ұшырады деп мәлімдеді.

Сирияда "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы соғысып жатқан АҚШ жетекшілік ететін халықаралық коалиция 2014 жылдың тамыз айынан бастап, Сирия мен Ирак аумағында 30 мыңға жуық әуе соққысын бергенін мәлімдеген. Коалиция миссияны орындау кезінде мыңнан астам бейбіт тұрғын құрбан болғанын мойындады. Тәуелсіз сарапшылар бұл көрсеткішті алты есеге көп деп есептейді.

Ресей болса, Сирия президенті Башар Асадтың өтініші бойынша бұл елге әскерін жібергенін айтады. Әскери операция басында Кремль "біздің мақсатымыз - "Ислам мемлекеті" ұйымымен күресу" деп мәлімдеген.

Батыс елдерінің барлауы шын мәнінде Ресейдің мақсаты – Асад үкіметін құтқарып, оппозицияға қарсы соғыс жүргізу деп айтқан. АҚШ, Ұлыбритания, Франция және басқа да батыс елдері Мәскеу Сириядағы бейбіт тұрғындарды өлтіріп, әскери қылмыс жасап жатыр деген күдіктерін бірнеше рет айтып келген.

XS
SM
MD
LG